CaspianLife. 22 қазан. Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 173 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылды. Өлекселер Қарақия ауданындағы Саржа жерінен Песчаный мүйісіне дейінгі аумақтан анықталған.
Бұл жағдай 20 қазанда облыстық балық шаруашылығы басқармасының мамандары мен балық инспекциясы қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейд барысында белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, соңғы аптада соққан қатты дауылды желдің салдарынан ыдырай бастаған балық өлекселері жағаға шығып қалған.
Табылған балықтардың денесінен балық аулау торларының немесе қармақтардың іздері анықталмаған. Балықтардың басым бөлігі табиғи жолмен кеуіп, біртіндеп ыдырау сатысында жатыр.
Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлмира Өтетлеуованың айтуынша, арнайы комиссия құрылып, зерттеу жұмыстары басталған.
«Арнайы комиссия құрылды. Теңіз суынан сынамалар, сондай-ақ қырылған балықтардың жұмсақ тіндерінен үлгілер алынып, зерттеуге жіберілді. Жағалау бойында және одан 15 метрге дейінгі қашықтықта балықтар 3-4-тен топталып жатқан», – деді Гүлмира Өтетлеуова.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

