CaspianLife. 20 қазан. Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылында мүгедектігі бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы ашылуға дайындалып жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен құрылған орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылыстары бар, оның ішінде аутизм диагнозы қойылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған. Олар тұрақты күтім мен медициналық сүйемелдеуді қажет етеді.
Балалар орталықта күндіз кемінде төрт сағат бола алады. Қажет болған жағдайда Ырғыз, Мұғалжар, Байғанин, Қобда және Алға аудандарынан келген балалардың түнде қалуына да мүмкіндік қарастырылған. Баланың қажеттілігіне қарай қызметтер алты айға дейін уақытша немесе ұзақ мерзімді негізде көрсетіледі.
Орталықта психолог, логопед және дефектолог кабинеттері, емдік дене шынықтыру, механотерапия, ерте дамыту, бейімделген дене шынықтыру, АВА-терапия, робототехника, музыка және сенсорлық терапия бөлмелері бар. Бұдан бөлек, қыш бұйымдарын жасауға және тігін тігуге арналған шеберханалар мен тұзды бөлме жабдықталған.
Балалармен педагогтер, психиатрлар, невропатологтар, травматологтар, оңалту мамандары мен педиатрлар бірлесіп жұмыс істейді. Қазір орталық қызметкерлері Астанадан келген эрготерапевтердің жетекшілігімен оқудан өтіп, оңалту жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр.
Орталықтың ашылуы нәтижесінде 84 адам жұмыспен қамтылады. Мекеме мемлекеттік лицензиясын алған. Қазіргі уақытта ата-аналар балаларын орталыққа қабылдату үшін құжаттарын рәсімдеп, қажетті медициналық тексерулерден өтіп жатыр.
Алдағы уақытта Темір ауданын қоса алғанда, облыстың алты ауданындағы 480 баланы арнайы әлеуметтік қызметтермен кезең-кезеңімен қамту жоспарланып отыр.
Дереккөз: Ақтөбе облысының баспасөз қызметі

