CaspianLife.14 қазан. Ақтөбе қаласының маңындағы «Рауан-2» тұрғын алабының тұрғындары орталықтандырылған ауыз суға шамамен он жылдан бері қол жеткізе алмай келеді. Биыл көшелерге су құбырлары тартылғанымен, әлі күнге дейін су берілмеген. Сондықтан тұрғындар суды қаладан тасуға мәжбүр. Олардың айтуынша, жергілікті билік су беруді жазда бастауға уәде еткен. Алайда күздің ортасы болса да, уәде орындалмаған.
Тұрғын алаптың тұрғыны Серік Мектеповтің айтуынша, үлкен диаметрлі магистральдық құбырлар былтыр тартылған. Ал биыл барлық көшеде үйлерге дейін су құбырлары жүргізілген.
«Негізі, іске қосуға қажет жұмыстың бәрі дайын. Суды тезірек берсе, ең басты мәселе шешілер еді», – деді ол.
Жаңа тұрғын алапта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір мұнда 200-ден астам үй бар. Көптеген отбасы баспанасын салып бітіргенімен, су болмағандықтан әлі көшіп кіре алмай отыр. Тұрғындар күн суытқанда жағдай одан әрі қиындай түседі деп алаңдайды. Өйткені тасып әкелетін су күнделікті тұрмысқа қажетті ең қарапайым қажеттіліктерге де әрең жетеді.
«Көпшілігінің мектеп жасындағы балалары бар. Киімді күн сайын жуу керек. Ауа райы салыстырмалы түрде жылы кезде бұл қиындық аса байқалмайды. Ал қыста тіпті ауыр болады», – дейді тұрғын Зада Мизамбаева.
Қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері су құбырының құрылысы былтыр көктемде басталғанын хабарлады. Қазір жобадағы жұмыстардың 95 пайызы орындалған. Негізгі су құбыры тартылып, су жинайтын резервуарлар салынған. Алайда қаржының жетіспеуіне байланысты жұмыстың соңғы кезеңі тоқтап қалған.
Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Ақсұңқар Құлданбаевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 2 млрд 300 млн теңгені құрайды.
«2025 жылы 834 млн теңге игерілді. Ал 2026 жылдың осы уақытқа дейінгі кезеңінде тағы 679 млн теңге игерілді. Жобаны толық аяқтау үшін 796 млн 713 мың теңге қажет. Бұл қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді. Қаржының жетіспеуіне байланысты әзірге нысанды толық аяқтап, пайдалануға бере алмай отырмыз», – деді ол.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, облыстық бюджеттен қажетті қаражат толық бөлінген бойда құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға беріледі.

