CaspianLife. 14 қазан. Қазақстанда тоғыз айда мұнай өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 91,7%-ын құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді, деп хабарлайды Kapital.kz. Қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 69,4 млн тонна мұнай және 47,4 млрд текше метр газ өндірілді.
Өндіріс көлемінің төмендеуіне, ең алдымен, үш ірі жоба әсер еткен. Теңіз кен орнында 26,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштің 88%-ын құрайды. Қашаған кен орнында 12,8 млн тонна мұнай өндіріліп, былтырғы деңгейдің 94%-ына жетті. Ал Қарашығанақ кен орнындағы өндіріс көлемі 7,5 млн тоннаны немесе өткен жылғы көрсеткіштің 82%-ын құрады.
Осы кезеңде еліміз бойынша мұнай өндірудегі жалпы шығын көлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы вице-министрдің өзі айтып берді.
«Бұған дейін төмендеген өндіріс көлемін қалпына келтіру үшін Қашаған мен Теңіз кен орындарындағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Мұнай өндіру көлемін арттыру шаралары бойынша ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізілуде. Қазіргі уақытта еліміз бойынша мұнай өндірудегі жалпы шығын көлемін 5,9 млн тоннадан 1,9 млн тоннаға дейін қысқартуға қол жеткізілді», – деді ол.
Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстанда 96 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Бұл міндеттің орындалуы негізгі кен орындарындағы өндіріс көрсеткіштерінің қалпына келуіне және қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне байланысты.
Газ саласындағы көрсеткіштер де әзірге өткен жылғы деңгейге жеткен жоқ. Тоғыз айда табиғи газ өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 91,9%-ын құрады. Жылдық жоспар 64,5 млрд текше метр деңгейінде белгіленген.
Сонымен қатар ішкі сұраныс артып келеді: Елімізде тауарлық газ тұтыну көлемі 14,9 млрд текше метрге жетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға көп. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,29 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейдің 99,8%-ына жетті. Ал Қазақстан аумағы арқылы газ транзиті 50,9 млрд текше метрді немесе былтырғы көрсеткіштің 96,9%-ын құрады.
Министрлік газ саласындағы басым міндеттердің бірі ретінде жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуды атап отыр.
«Биыл “Бейнеу – Бозой – Шымкент” магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі аясында құбырдың желілік бөлігіндегі құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасады», – деді Ерлан Ақбаров.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: ar2022.kmg.kz

