CaspianLife. 12 қазан. Ақтөбедегі «Болашақ» колледжінің студенттері мен олардың ата-аналары оқу ақысының күрт өсуіне наразы. Биыл оқу құны бірден 180 мың теңгеге қымбаттаған. Ал студенттер жаңа баға туралы тек қазан айында білген.
Оқу ақысының көтерілуі әсіресе бірнеше баласы білім алып жатқан отбасыларға ауыр тиіп отыр. Солардың бірі – қызы колледждің үшінші курсында оқитын Жансая Дауылбаева.
«Қызым осы колледжде оқиды. Бірінші курста 300 мың теңге, екінші курста 370 мың теңге төледік. Енді үшінші курста оқу ақысы 550 мың теңгеге жетті. Бірден 180 мың теңгеге көтеріп жіберді. Бұл біз үшін үлкен салмақ. Мен көпбалалы анамын, бірнеше балам оқып жатыр», – дейді Жансая Дауылбаева.
Колледжде «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша мамандар даярланады. Ата-аналардың айтуынша, оқу ақысының бұлай қымбаттауы отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Оның үстіне, колледж басшылығы бағаның өзгеретіні туралы алдын ала ескертпеген.
Студенттердің сөзінше, келесі жылы оқу ақысы тағы да өсуі мүмкін. Фарида Сатикованың айтуынша, оларға бағаның қайта көтерілетіні ескертілген. Ал жаңа бағаға келіспегендерге құжаттарын алып кетуге кеңес берілген. Алайда басқа оқу орнына ауысудың өзі қосымша шығынды талап етеді.
«Бізге келесі жылы оқу ақысы тағы көтерілетінін айтты. Егер ұнамаса, құжаттарымызды алып кете алатынымызды жеткізді. Бірақ құжаттарды алу үшін де ақша талап етеді! Мысалы, басқа колледжге ауысқым келсе, алдымен биылғы оқу ақысының жартысын төлеуім керек екен. Яғни 550 мың теңгенің 275 мың теңгесін төлеу қажет», – дейді Фарида Сатикова.
Студент Динара Қойшығұлованың айтуынша, оқу ақысының өзгергенін растайтын ешқандай құжат берілмеген. Оның сөзінше, колледж әкімшілігінің түсіндірмесі де көңіл көншітпейді.
«Бізде бұл өзгеріске қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Қолымызда ресми құжат та, ескерту де, қосымша келісім де жоқ. Оқу ақысының неліктен көтерілгенін сұрағанымызда, жабдықтар мен шығын материалдарын сатып алу, оқытушылардың жалақысын көтеру қажеттігі және инфляция себеп болғанын айтты. Бірақ инфляция деңгейі 9,8 пайыз болса, бізге оқу ақысын 93 пайызға жуық көтеріп отыр. Біз мұнымен мүлде келіспейміз», – дейді Динара Қойшығұлова.
Колледж әкімшілігі оқу ақысының өскенін растады. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, бұған инфляция мен нарықтағы жағдай себеп болған.
«Болашақ» жоғары көпсалалы колледжі директорының орынбасары Гүлназ Омарованың айтуынша, оқу орны жекеменшік болғандықтан, өз қаражаты есебінен жұмыс істейді. Сондай-ақ ол оқу ақысын өзгерту құқығы келісімшартта көрсетілгенін атап өтті.
«Оқу ақысы шынымен өсті. Бұған қазіргі нарықтағы жағдай себеп болды. Біз – жекеменшік колледжбіз, өз қаражатымыз есебінен жұмыс істейміз. Оқуға қабылданған кезде барлығына қазақ және орыс тілдерінде келісімшарт беріледі. Онда оқу ақысын өзгерту мүмкіндігі тиісті тармақтарда көрсетілген», – деп түсіндірді Гүлназ Омарова.
Қазір колледжде 1500-ге жуық студент білім алады. Олардың шамамен 600-і биыл оқуға түскен. Егер мәселе шешілмесе, оқу ақысының қымбаттауына наразы ақтөбеліктер Оқу-ағарту министрлігіне шағымдануды жоспарлап отыр.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

