Caspianlife, 9 қазан. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барып, Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының VIII Консультативтік кездесуіне қатысты. Президент өңір елдері арасындағы өзара сауда көлемін 20 млрд долларға дейін жеткізуді ұсынды.
Кездесу тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай өтті. Тоқаевтың айтуынша, былтыр өңірішілік сауда көлемі шамамен 13 млрд долларды құраған. Бұл елдердің жалпы тауар айналымының шамамен 8%-ына тең. «Үкіметтерге бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, қабылдауды тапсыруды ұсынамын», — деді ол. Сондай-ақ бұл көрсеткішті кемінде 20 млрд долларға жеткізу қажеттігін айтты.
Қатысушылар көлік пен логистика мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан «Мойынты — Қызылжар» және «Дарбаза — Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысын аяқтап жатыр. Ал келесі жылы «Бақты — Аягөз» бағыты бойынша қатынас ашылады. Бұдан бөлек, Қытайды Каспий теңізі және Еуропа нарықтарымен байланыстыратын «Арал-Каспий магистралі» жобасы іске асырыла бастады. Тоқаев Дүниежүзілік банктің бағалауына сүйеніп, инфрақұрылымға қатысты барлық міндет орындалса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы өтетін жүк ағыны төрт есе артуы мүмкін екенін айтты.
Президент су мәселесін өңір тұрақтылығына төнетін басты сын-қатерлердің бірі деп атады. Ол трансшекаралық су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін өзара құрмет пен тең құқықтылыққа сүйене отырып, барлық елдің мүддесін ескеріп әзірлеуге шақырды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы алғашқы қадам Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау болуы мүмкін. Құжат жобасы тараптардың қарауына жіберілген. Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын да қолдап, оны өңір елдерінің ортақ ұстанымы ретінде ілгерілетуді ұсынды.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе — жасанды интеллект. Тоқаев Орталық Азия мен Әзербайжанның ғылыми орталықтарын, университеттері мен технологиялық компанияларын біріктіретін өңірлік әріптестік құруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы ортақ декларация әзірлеу бастамасын көтерді.
Көшбасшылар қауіпсіздік мәселелерін де талқылады. Тоқаев терроризмді, есірткі бизнесін, қару-жарақ пен адам саудасын, заңсыз көші-қонды, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтықты басты қауіп-қатерлер деп атады. Оның айтуынша, цифрлық технологиялардың террористер мен есірткі картельдерінің қолына түсу қаупі ерекше алаңдатады. Сондықтан оларға қарсы іс-қимыл тәсілдері заман талабына сай болуы керек. Президент өңір елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерінің үлесін атап өтті.
Қатысушылар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажеттігін де сөз етті. Талқылауға Түрікменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысты. Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Әселім ҚАЛҚЕН, Түрікменстан

