CaspianLife, 8 қазан. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тасқыннан бүлінген бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Өткелге бара жатқан жолда ауыр техника аударылып, екі ер адам оқиға орнында көз жұмған. Алайда тексеру қорытындысы бойынша олардың өлімі өндірістегі жазатайым оқиға ретінде танылмады. Мамандар қайғылы жағдай жұмыс уақытынан тыс болғанын алға тартқан. Қаза болғандардың бірінің туыстары бұл шешіммен келіспейді.
Қаза болған 34 жастағы ер адамның артында төрт баласы қалды. Ол «Қазсушар» кәсіпорнының өңірлік филиалында жүргізуші болып жұмыс істеген. Екі ай бұрын Ойыл ауданына іссапарға жіберілген. Оқиға кешкі сағат алтыдан кейін болған. Сол күні ол әріптесімен бірге трактормен өткелге қарай жолға шыққан. Оқиғаны жергілікті малшылар байқап, кәсіпорынға хабарлаған.
Марқұмның туыстары оның сол уақытта өз бетінше ол жерде болуы мүмкін емес екенін айтады.
«Күні бойы нысанда жұмыс істеген адам, оның үстіне жол тегістейтін техниканы басқарып жүрген болса, өз бетінше кетіп қалуы мүмкін емес. Ол ондай әрекетке баратын адам емес. Жұмысына әрдайым жауапкершілікпен қарайтын», — дейді марқұмның туысы Сарсенбай Адаев.
Отбасы асыраушысынан айырылып, қиын жағдайда қалған. Марқұмның жұбайы Айгерім Жарылғаптың айтуынша, кәсіпорын тарапынан олармен ешкім байланысып, көмек қажет пе екенін сұрамаған.
«Қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз, өзім бала күтіміне байланысты демалыстамын. Енді балалардың жағдайы не болатынын да білмеймін», — деді ол.
Еңбек инспекциясы сараптама қорытындысы мен тергеу материалдары ер адамдардың жұмыс уақытынан тыс уақытта қаза болғанын көрсеткенін мәлімдеді. Сондықтан оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелмеген.
Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искариннің айтуынша, «сараптама қорытындысына сәйкес, сол уақытта жұмыс беруші тарапынан тапсырма болмаған, оқиға жұмыс уақытынан тыс болған. Осы себепті жағдай өндіріспен байланысты емес деп танылды. Алайда тергеу барысында жұмыс беруші тарапынан міндетті сақтандыру рәсімделмегені анықталды».
Марқұмның отбасы комиссияның қорытындысымен келіспейді. Олар істі қайта қарап, болған оқиғаға объективті әрі әділ баға беруді талап етіп отыр.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

