Армения көліктеріне қатысты тағы да шу шықты. Бұл жолы жүргізушілер оң жақты рөлі сол жаққа ауыстырылған тұлпарларын тіркей алмайтынын айтып, наразылық білдірді.
Себебі, көлік конструкциясының қауіпсіздігіне арналған куәлікке қол жеткізу басқа облыста ғана жүзеге асады. Автокөлікті алдын ала тексеру арқылы сертификат беретін лаборатория батыс аймақта жоқ болып шықты. Мұны күні кеше білген жүргізушілер 1-қыркүйекке дейін 1 500 шақырымдық жерге барып-қайту мүмкін еместігін айтады.
Ал полиция департаментіндегілер зертхананың ашылуы өздерінің құзыретіне кірмейтінін жеткізді. Қазірден бастап бар мәселені Қостанайдан шешуге кеңес беріп отыр.
Бірінші қыркүйекке дейін Қостанайға барып үлгермейміз деген жүргізушілердің ендігі үміті – үкіметте. Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша рөлі ауысқан мыңнан аса Армян автокөлігі тіркелген.