Caspianlife, 6 қазан. Мұнай өндіру көлемін өз еркімен қысқартып жатқан ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қараша айында да қолданыстағы квоталарды сақтайды. Бұл туралы ұйым хабарлады. Бұл топқа Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Ресей, Оман және Алжир кіреді.
Қазақстан 2026 жылдың қарашасында тәулігіне 1,628 млн баррель (б/т) өндіре алады. Қалған қатысушылар үшін мынадай шектеулер бекітілген: Сауд Арабиясы — 10,478 млн б/т, Ресей — 9,949 млн б/т, Ирак — 4,431 млн б/т, Кувейт — 2,676 млн б/т, Алжир — 1,007 млн б/т, Оман — 841 мың б/т. Бұл көрсеткіштер қыркүйек пен қазан айларындағы квоталармен бірдей.
Квоталар 2026 жылдың қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілді. Бұған дейін, маусым мен қыркүйек аралығында ОПЕК+ елдері өндірістің шекті деңгейін ай сайын 188 мың б/т-ге арттырып отырған.
Ұйым өкілдері қатысушылардың Ынтымақтастық туралы декларация талаптарын бұрынғысынша толық сақтауға ниетті екенін растады. Нарықтағы жағдайды бағалауға арналған ай сайынғы консультациялар жалғаса береді: «жетіліктің» келесі кездесуі 1 қарашаға белгіленген.
Дереккөз: forbes.kz
Фото: bloomberg.com

