CaspianLife, 30 қыркүйек. Атырауда ЖРВИ маусымы ресми басталмай тұрып-ақ инфекциялық ауруханаға жүгінгендер саны айтарлықтай артқан. 1-20 қыркүйек аралығында қабылдау бөліміне 2 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6 пайызға көп. Ауруханаға жатқызылғандар саны да 20,7 пайызға өскен.
Медицина мамандарын әсіресе бір жасқа дейінгі балалар арасындағы жағдай алаңдатып отыр. Өткен жылдың қыркүйегінде осы жастағы 84 сәби ем қабылдаса, биыл олардың саны 176-ға жеткен. Пневмониямен ауырғандар саны да өткен жылғы 56 жағдайдан биыл 139 жағдайға дейін өскен. Қазір дәрігерлер дәл осы кішкентай науқастарға, сондай-ақ пневмония және басқа да респираторлық асқынулары бар науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуге ерекше назар аударып отыр.
Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының директоры Нұрбек Өкибаевтың айтуынша, стационар науқастардың көптеп келуіне дайын.
«Инфекциялық аурухана 240 төсекке есептелген және біз осыншама науқасты қабылдауға дайынбыз. Бұдан бөлек, қаланың шетіндегі модульдік ауруханада 40 төсек-орыннан тұратын қосымша резерв жасақталды. Әрине, барлығы жағдайдың өрбуіне байланысты, бұл орындар да жеткіліксіз болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда денсаулық сақтау басқармасы қосымша орындар ашады. Қазір жағдай тұрақты. Бүгінде ауруханада шамамен 160 науқас ем қабылдап жатыр. ЖРВИ және жіті ішек инфекциялары бөлімдері жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Мамандар алдағы маусымда балалар арасында асқыну болуы мүмкін деп алаңдайды. Өткен маусымда өңірде 114 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген. Оның 66,5 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құраған. Биыл пневмония мен көкжөтелге шалдыққандар саны артып отыр. Дәрігерлер аурудың ауыр өту қаупі жоғары топқа ерте жастағы балаларды, созылмалы аурулары бар және иммунитеті әлсіреген адамдарды жатқызады.
Медицина мамандары дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға шақырады. Алғашқы белгілер байқалған кезде, әсіресе дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, бірнеше күн бойы түспесе, тыныс алу қиындаса немесе сананың шатасуы байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Қорғанудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация. Жақын арада облысқа тұмауға қарсы 60 мың доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар дәрігерлер адам көп жиналатын орындарға баруды азайтуға, бөлмелерді үнемі желдетуге, қолды жиі жууға және мүмкіндігінше науқас адамдармен байланыста болмауға кеңес береді.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

