CaspianLife, 29 қыркүйек. Қазақстанда егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бес өңірде егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Ал негізгі астықты өңірлер – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жұмыстар шарықтау шегіне жетті. Үкімет отырысында атап өтілгендей, басты міндет – егін жинау науқанын уақытында аяқтап, жиналған өнімді ысырапқа жол бермей, сапасын төмендетпей сақтау.
Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы маусымның оңай болмағанын атап өтті.
«Биылғы ауыл шаруашылығы маусымы оңай болған жоқ. Аномальды қуаңшылыққа байланысты өнімділікке қатысты елеулі алаңдаушылық туындады. Алайда қабылданған агротехникалық шаралардың арқасында орташа өнімділік көпжылдық көрсеткіштерден жоғары болады деп күтілуде. Астықтың сапасы да жоғары деңгейде: сақтауға қабылданып жатқан бидайдың 74 пайыздан астамының желімтегі жақсы және ол үшінші класқа және одан жоғары санатқа жатады», – деді Олжас Бектенов.
Егін жинау қарқыны бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Мұнда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 84 пайызы жиналды. Бұл – 2,4 млн гектардан астам алқап.
Үкімет басшысы элеваторлардың, астық қабылдау пункттері мен астық кептіру қуаттарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар ол шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және ауа райы болжамдарын тұрақты бақылау қажеттігін атап өтті.
«Қазір басты міндет – егін жинау науқанын уақтылы аяқтап, өнімді толық сақтау. Элеваторлар, астық қоймалары мен кептіру жабдықтарының 100 пайыз дайын болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың ысырап болуына және сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін барлық шараны қабылдау қажет. Ауа райы жағдайлары жұмыстардың қарқынына, өнім көлемі мен сапасына әсер етпеуі тиіс. Экология министрлігі егін жинау науқаны аяқталғанға дейін күн сайын аграршыларға нақты болжам ұсынып отыруы керек. Жеңілдетілген дизель отынының қолжетімділігіне де ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаздағы аптап ыстық бірқатар өңірге әсер етті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, қуаңшылық жекелеген облыстардағы жиын-терімнің қорытынды көлеміне ықпал еткен.
«Қуаңшылық негізінен орталық және солтүстік өңірлерде, атап айтқанда, Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелді. Аномальды жоғары температура салдарынан осы екі облыста шамамен 6,6 мың гектар астықты дақыл қурап қалды. Алайда жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрайтынын, оның 15,6 млн гектарына астықты дақылдар егілгенін ескерсек, бұл шығындар жалпы баланс үшін аса үлкен емес», – деді Назгүл Хатепова.
Сонымен қатар Қазақстан астығының экспорты артып келеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, сегіз айда теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп.
Оның ішінде 7,2 млн тоннасы экспортқа жөнелтілсе, ішкі бағыттар бойынша 2,1 млн тонна астық тасымалданған.
Орталық Азия елдеріне жеткізу көлемі 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға, Балтық және Қара теңіз порттары арқылы Ресейге тасымал 9 пайызға өскен.
Сондай-ақ сарапшылар Ауғанстанға астық экспортының айтарлықтай артқанын атап отыр. Бұл бағыттағы тасымал көлемі 4,4 есеге өсіп, 655 мың тоннаға жеткен.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

