Беларусьте «Президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды» деген халық сайлау учаскелерінде қызмет еткен мектеп мұғалімдерін сынға алды. Бұл туралы azattyq.org хабарлады.
Оқушылар мектеп қақпасына түрлі жазуға толы плакаттар іліп, сайлау нәтижесін жоққа шығаруды талап ететін ашық хатқа қол жинауда.
Ал онлайн акцияға қатысушылар 1-қыркүйек күні мұғалімдерге гүл шоғын сыйламауға шақыруда. Оқушылар білім мен спорттағы жетістіктері үшін алған марапаттар мен дипломдарды білім ордасына кері қайтаруда. Олар дауыс санаудағы алаяқтыққа ұстаздарының да қатысы бар деп санайды.
Постсоветтік елдердің көбінде сайлау учаскелерінің басым бөлігі мектептерде орналасқан. Ал сайлау комиссияның мүшелігіне сол мектептің мұғалімдері мен әкімшілік қызметкерлері енеді. Олар дауыс беру нәтижесін растап қол қоюға мәжбүр. Сол себептен де таяқтың бір ұшы мұғалімдерге тиіп жатыр.
«Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде жұмыс жасаудан бас тарттық» деген ұстаздар шеруге қатысып, өзгерісті қолдайтынын білдірген.