CaspianLife, 28 қыркүйек. Жыл басынан бері Атырау облысында экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 279 әкімшілік іс қозғалған. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша кәсіпорындарға жалпы сомасы 2,4 млрд теңге болатын айыппұл салынды. Оның 993,6 млн теңгесі өндіріліп алынды. Бұл қаражат жергілікті бюджетке түседі.
Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, ең ірі айыппұл — 1,4 млрд теңге. Бұл сома экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін «Потенциал-Ойл» ЖШС-не салынған.
Өндірілген айыппұл көлемі бойынша екінші орында — «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС. Қала тұрғындарының жағымсыз иіске қатысты шағымдарынан кейін кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде зауытқа 520,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Магистральдық Суағызғы» ЖШС-де қалдықтарды жинақтау лимиттерін бұзу фактісі анықталған. Кәсіпорынға 334,1 млн теңге айыппұл салынды.
«Теңізшевройл» ЖШС сот шешімімен 53,7 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Компанияға эмиссия нормативтерін асыру және рұқсатсыз шығарындылар жасау фактілері бойынша шара қолданылған.
Экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері «Светланд-Ойл» ЖШС-де де анықталды. Кәсіпорынға 27,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА

