CaspianLife, 24 қыркүйек. Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жуырда төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланған жаңа ұйымның отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Кеңестің негізгі міндеттері мен қызмет бағыттарын айқындады.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесі Құрылтайға балама емес екенін атап өтті.
«Халық Кеңесі – Құрылтайға балама емес. Халық Кеңесінің мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін қызметпен айналыспайды және депутаттардың жұмысына араласпайды. Халық Кеңесі мен Құрылтай комитеттері тұрақты диалог орнатып, өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, одан кейін жергілікті депутаттардың жаңа сайлауы өтуі мүмкін екенін хабарлады.
«Өзгерістердің қорытынды кезеңі барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу болады. Қолданыстағы жергілікті өкілді органдардың депутаттары Конституцияда және заңдарда көзделген негіздер бойынша олардың өкілеттігі тоқтатылғанға дейін өз міндеттерін атқара береді. Мәслихат депутаттарының басым көпшілігі “Amanat” партиясынан сайланған. Қазіргі уақытта бұл партия “Әділет” партиясына қосылуына байланысты өз қызметін тоқтатты. Заңдық рәсімдер жақын арада аяқталады. Осыдан кейін мәслихат депутаттары корпусының басым бөлігінің заңдылығы мәселесі туындайды. Сондықтан жақын арада Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде консультациялар өткіземін. Оның қорытындысы бойынша тиісті жарлыққа қол қоямын. Одан кейін Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың күнін белгілеуі керек», – деді Президент.
Кеңес құрамының үштен бірін өңір өкілдері құрайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл облыстардағы мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге жаңа мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың нақты қалай ұйымдастырылатынын ұйым мүшелерінің өздері айтып берді.
«Біз жалақы алмаймыз. Мұнда қоғамдық негізде, яғни ақысыз жұмыс істейміз. Жалақы тек аппарат қызметкерлеріне қарастырылған», – деді Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
«Отырыстарды жылына кемінде екі рет – әр үш ай сайын өткіземіз. Бізде түрлі комитеттер құрылып, солардың жұмысына қатысамыз. Жұмыс сессиядан сессияға дейін ғана емес, күнделікті жүргізіледі», – деді Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева.
«Арамызда өңірлерден шыққан мықты көшбасшылар аз емес. Олар орталыққа жинала отырып, жергілікті мәселелерді шешуге тікелей көмектесетін болады», – деп қосты Халық Кеңесінің мүшесі Геннадий Шиповских.
Жалпы Кеңес құрамына 126 адам кірді. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ бұрынғы депутаттар мен экс-министрлер бар.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: akorda.kz



