CaspianLife, 23 қыркүйек. Ақтөбе қаласының Қарғалы шағынауданында жарты ғасыр бұрын салынған үш қабатты жатақхана бүгінде апатты жағдайда тұр. Ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесі опырылып түсуге шақ тұр. Қазір мұнда 25 отбасы тұрады. Олардың арасында көпбалалы аналар, жалғызбасты қарттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың шатырын өз қаражаттарына жөндегенімен, мәселе шешілмеген. Жаңбыр жауса, бөлмелерге су кіреді. Үйдің іші үнемі ылғалды, ал қыс мезгілінде кәріз жүйесіне қатысты мәселелер жиілейді.
— Шатырды өз қаражатымызға жөндейміз, бірақ одан пайда жоқ. Бәрібір су ағады. Бөлмелерде үнемі дымқыл, ылғал кетпейді. Қыстың бәрінде кәріз мәселесімен әлек боламыз, — дейді Ақтөбе тұрғыны Гүлнар Бердіғалиева.
Тұрғындар ескі ғимаратты өз күштерімен қанша жөндеуге тырысқанымен, мәселе шешілмей келе жатқанын айтады. Олар ғимараттың кез келген сәтте құлап кетуінен қауіптеніп отыр.
— Шынымды айтсам, осы жағдайдан түнде ұйықтай алмаймын. Балаларым үшін қорқамын. Олар осы апатты үйдің үйіндісінің астында қалып қоя ма деп алаңдаймын. Өте қорқынышты, — дейді тұрғын Гүлнар Смағұлова.
Ал қала әкімдігінің мәліметінше, аталған ғимарат әзірге апатты нысандар тізіміне енгізілмеген.
Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Асима Омарованың айтуынша, алдымен тұрғындардың кемінде 50 пайызы техникалық тексеру жүргізуге келісім беруі қажет.
— Тұрғындардың, яғни жалпы санының 50 пайыздан астамының техникалық тексеру жүргізуге келісімі болуы керек. Келісім алынғаннан кейін бюджетке өтінім беріп, қажетті құжаттарды тапсырамыз. Қаражат бөлінген соң техникалық тексеру жүргізіледі, — деді Асима Омарова.
Мамандардың түсіндіруінше, техникалық тексеру жүргізілмейінше, ғимаратты ресми түрде апатты деп тануға заңды негіз жоқ. Сондықтан тұрғындардың мәселесін шешу әзірге осы рәсімге байланысты болып отыр.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

