CaspianLife, 22 қыркүйек. Қашаған кен орнындағы өнімді бөлу туралы келісім бойынша консорциум операторы NCOC 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,848 трлн теңге таза пайда тапқан. Осы көрсеткіш бойынша компания Қазақстандағы ең ірі компаниялардың арасында бірінші орынға шықты. Бұл туралы Energy Monitor Telegram-арнасының авторы Нұрлан Жұмағұлов хабарлады. Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы таза пайдасы ең жоғары 20 компанияның рейтингін жариялаған. Олардың жалпы таза пайдасы 8,5 трлн теңгені құраған.
«Қазақстанда кім көп табыс табады? Сіздер үшін 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы таза пайдасы ең жоғары 20 компанияның рейтингін дайындадым. Олардың жиынтық таза пайдасы 8,5 трлн теңге. Қашаған кен орнындағы NCOC таңғалдырды. Компания Теңізшевройлға қарағанда аз мұнай өндіргенімен, көбірек пайда тапқан», – деп жазды ол.
1,848 трлн теңге көлеміндегі көрсеткішті автор Қашаған операторы акционерлерінің пайдасын олардың компаниядағы үлесіне сәйкес есептеу арқылы шығарған. Салыстыру үшін, Теңіз кен орнындағы оператор «Теңізшевройл» осы кезеңде 1,13 трлн теңге таза пайда тапқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін NCOC-тан 2,356 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған болатын.
Ең ірі компаниялардың алғашқы бестігіне банктер де кірді. Halyk Bank 977 млрд теңге пайдамен үшінші орынға, Қарашығанақ операторы KPO 585 млрд теңгемен төртінші орынға, ал Kaspi Bank 572 млрд теңге таза пайдамен бесінші орынға жайғасты.
Тау-кен өндірісі саласында ең жоғары пайданы KAZ Minerals Ақтоғай көрсетті – 415 млрд теңге. Компания жалпы рейтингте алтыншы орын алды.
Одан кейін алтын өндіруші компаниялар – швейцариялық Glencore құрамындағы «Қазцинкке» тиесілі «Алтынтау Көкшетау» 355 млрд теңге пайдамен және «Алтыналмас» 340 млрд теңге пайдамен орналасты.
Тоғызыншы орында QazaqGaz бен қытайлық CNPC құрамындағы Trans-Asia Gas Pipeline Company Ltd бірлескен жобасы «Азиялық газ құбыры» 325 млрд теңге көрсеткішпен тұр. Ал оныншы орынға 255 млрд теңге пайда тапқан KAZ Minerals Бозшакөл жайғасты.
Екінші ондықты 240 млрд теңге таза пайдасы бар Банк ЦентрКредит бастады. Одан кейін уран өндіретін бірлескен кәсіпорындар – «Қаратау» («Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» құрамындағы Uranium One) 228 млрд теңге және «КАТКО» 190 млрд теңге пайдамен орналасты.
Рейтингті ForteBank (182 млрд теңге), «Қазатомөнеркәсіп» пен канадалық Cameco Corporation бірлескен «Инкай» кәсіпорны (174 млрд теңге), Uranium One мен «Қазатомөнеркәсіптің» «Оңтүстік тау-кен химия компаниясы» бірлескен кәсіпорны (154 млрд теңге), сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының қазақстандық бөлігі КТК-К (152 млрд теңге) жалғастырды.
Рейтингтің соңғы орындарында Alatau City Bank (145 млрд теңге), ERG тобының пайдасы ең жоғары компаниясы «Қазхром» (141 млрд теңге) және мұнай өнімдерін сатушы KC Energy Group (132 млрд теңге) тұр.
Жарияланымға жазылған пікірлерде кейбір оқырмандар рейтингке «Қазақстан темір жолын» да қосу қажет болғанын атап өткен. Компания 2025 жылдың қорытындысы бойынша 343,6 млрд теңге таза пайда алған.
Дереккөз: Kursiv

