CaspianLife, 21 қыркүйек. Астанада Атырау және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілері қатысқан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде өнімдер елордадағы сауда үйлері мен базарлардағы бағадан шамамен 20 пайызға арзан сатылды.
Жәрмеңкені ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Егістіктен – дастарханға» қағидаты бойынша ұйымдастырды. Оның мақсаты – фермерлердің өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыға ұсынуына мүмкіндік беру және елорда тұрғындарын өңірлерден жеткізілген жаңа өнімдермен қамтамасыз ету.
— «Дала дәмінің» басты мақсаты – фермерлерге өз өнімдерін тікелей сөреге шығарып, қолжетімді бағамен сатуға мүмкіндік беру. Мұнда делдалдар жоқ. Көріп отырғандарыңыздай, сатып алушылар өте көп. Қазақстанның әр өңірінен Астанаға қоныс аударған тұрғындар үшін туған жерінің дәмін сезінудің өзі маңызды. Бұл – соған жақсы мүмкіндік, — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутікбаев.
Жәрмеңке маусымы 19 қыркүйекте басталып, енді еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын ұйымдастырылмақ. Бұл жолы облыстардан елордаға 2 мың тоннадан астам өнім жеткізілді. Оның ішінде Атырау облысынан 40 тонна балық, 1,5 тонна сүт өнімдері және 5,5 тонна ет өнімдері әкелінді.
Атырау облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Аманкелді Саламаттың айтуынша, биыл балық және ет өнімдерін өндіретін 20-ға жуық шаруа қожалығы елордаға өз тауарларын жеткізген. Олардың барлығына сауда жасау үшін орындар тегін берілген.
— Атыраулықтар мен жаңа атыраулық балықты сағынған жандар үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Аграрларға да қолдау көрсетіліп, өз өнімдерін тікелей жеткізіп, сатуға жағдай жасалған. Жәрмеңкеге қатысуға ниетті фермерлер саны жыл сайын артып келеді, — деді ол.
Жәрмеңкеде атыраулық балық пен шұбатқа сұраныс жоғары болды. Құлсары қаласынан келген шаруа Ералы Иван да өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынды.
— Құлсары қаласынан келдім. Шаруа қожалығымыз жәрмеңкеге сүт өнімдерін әкелді. Шұбат, құрт және ірімшік сатамыз, — деді ол.
Атыраудың әйгілі балығы, ұлттық тағамдар, Сырдың ақ күріші мен шырынды бақша өнімдері елорда тұрғындарына күзгі молшылықтың дәмін татырды. Жәрмеңкеге келушілер таңертеңнен бастап ет, балық, күріш және қысқы азық-түлік үшін кезекке тұрған.
Келесі аптада Астанаға Абай, Алматы және Маңғыстау облыстарының тауар өндірушілері келеді. Одан кейін Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының өнімдері ұсынылады.
Осылайша қараша айына дейін еліміздің өңірлері кезек-кезек елорда тұрғындарына өздерінің «Дала дәмін» ұсынатын болады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

