CaspianLife, 18 қыркүйек. Атырауда олимпиада резервін даярлайтын жаңа орталық пайдалануға берілді. Спорт нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысып, жаңа орталықтың ашылуын спортшыларды қолдаудың айқын нәтижесі деп атап өтті.
— Спорт — тек жарыс пен жеңіс емес. Бұл — рухты шыңдайтын, жастарды тәртіп пен еңбекқорлыққа баулитын үлкен мектеп. Біздің басты мақсатымыз — балалар мен жастардың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасау, дарынды спортшыларды жастайынан қолдап, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғайтын нағыз чемпиондарды тәрбиелеу. Жаңа жаттығу орталығы осы мақсаттарға қызмет етеді деп сенеміз. Мұнда біздің спортшыларымыз жаттығып қана қоймай, арманына бір қадам жақындай түседі. Олимпиада резервін даярлау орталығы — жай ғана жаңа ғимарат емес, жаңа жеңістердің бастауы,— деді облыс әкімі.
Жоба мердігері — “Vek-Stroy-Com” ЖШС. Құрылыс 2025 жылғы 1 мамырда басталды. Орталық үш заманауи спорт залдан тұрады, инфрақұрылымы толық қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы — 1 881 шаршы метр. Жаңа орталықта грек-рим және еркін күрес палуандарын, дзюдошылар мен таэквондошыларды, сондай-ақ боксшыларды даярлауға жағдай жасалған, фитнес залдары да бар. Спорт секцияларына 300-ге жуық тәрбиеленуші тарту жоспарланып отыр.
Орталық директоры Рашит Кұлбаевтың айтуынша, жаңа кешеннің ашылуы спортшыларды даярлау жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
— Бүгінде орталықта 16 мен 25 жас аралығындағы 290 спортшы жаттығады. Олардан облыстық құрама команда жасақтауды ойлап отырмыз. Өңір бапкерлерінен бөлек, шетелден білікті мамандарды тарту да жоспарда бар. Орталық толық пайдалануға берілген соң спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға, соның ішінде Олимпиада ойындарына дайындаймыз, — деді Рашит Кұлбаев.
Салтанатты іс-шара аясында лента қию рәсімі жасалды. Кейін қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, спорт залдарын аралап шықты.
Жаңа нысан Атырауда олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, жас атлеттердің шеберлігін шыңдауға және аймақтың спорт резервін даярлау жүйесін жетілдіруге жол ашпақ.

