Caspianlife, 16 қыркүйек. Құрылтай Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған келісімге 2023 жылғы 29 қарашада Белград қаласында қол қойылған. Құжаттың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және оны одан әрі дамыту.
Келісім аясында қару-жарақ пен әскери техниканы өзара жеткізу, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу көзделген.
Сонымен қатар тараптар технологиялар трансфері, әскери-техникалық көмек көрсету, әскери мамандарды даярлау және оқыту бағыттарында ынтымақтастық орнатады.
Екі елдің әскери инфрақұрылымының мүмкіндіктерін ескере отырып, қару-жарақ пен әскери техника үлгілеріне бірлескен сынақтар өткізу де қарастырылған.

