Caspianlife, 15 қыркүйек. Ақтөбе облысында бірқатар медициналық нысанды салуға 5,7 млрд теңге бөлінді. Қаражат Ақтөбе қаласында жаңа жедел жәрдем қосалқы станциясын, Ырғыз аудандық ауруханасы жанынан ауысымына 300 адам қабылдайтын екі қабатты емхана және Жаңақоныс тұрғын алабында облыстық психикалық денсаулық орталығына арналған қосымша екі қабатты ғимарат салуға бағытталады.
Медициналық нысандар Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында бой көтереді. Оларды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, Қарғалы тұрғын алабында жылына 25 мың шақыртуға есептелген жаңа жедел жәрдем қосалқы станциясы салынады.
«Қарғалы тұрғын алабында жаңа медициналық жедел жәрдем қосалқы станциясын нөлден бастап салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 3 млрд теңге. Қосалқы станция құрамында 10 санитарлық автокөлікке арналған гараж және автожуу орны болады. Оның құрылысы Қарғалы және оған жақын аумақтардағы тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде бригадалардың шақырту орнына жету уақытын қысқартуға, сондай-ақ жедел көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Сұлтангереев.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

