CaspianLife, 15 қыркүйек. Атырау қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшісі түйіншегі бар ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтады.
Оқиға сағат 08:30 шамасында болған. Лейтенант Мирас Исказиев қылмыстық-атқару жүйесінің №15 мекемесінен шамамен бір шақырым қашықтықта қызмет атқарып жүрген кезде, жерде жатқан орамы бар дронды байқап қалған.
Тексеру барысында түйіншектің ішінен өсімдік тектес, жасыл түсті зат салынған 11 пакет табылған.
Әскери қызметші күдікті зат туралы дереу кезекші қызметке баяндаған. Оқиға орнына тиісті шаралар қабылданып, табылған зат әрі қарай тексеру жүргізу үшін құзыретті органдарға тапсырылды.
Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қырағылығының арқасында күдікті зат дер кезінде анықталып, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатыр.
(Дереккөз: ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі)


