CaspianLife, 15 қыркүйек. Атырауда дәстүрлі садақ атудан өткен «ALTYN ORDA» әлем кубогы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған халықаралық додаға әлемнің 18 елінен 100-ге жуық мерген және Қазақстанның өңірлерінен 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 12 жүлделі орынға ие болды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спортшылар «Пута», «Қалқан» және «Жамбы» нысаналары бойынша бақ сынады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль түсті.
— Жарыс жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Әлемнің 18 елінен спортшылардың Атырауға келуі — өңіріміз үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай халықаралық додалар ұлттық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, Атыраудың туристік беделін арттыруға да оң әсер етеді. Алдағы уақытта осындай халықаралық жарыстарды тұрақты түрде өткізуге мүдделіміз,- деді Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов.
«Пута» нысанасы бойынша ерлер арасында Қырғызстан спортшысы топ жарса, Қазақстан өкілдері екінші және үшінші орындарды иеленді. Әйелдер арасында алтын медаль Қазақстан спортшысына бұйырып, күміс жүлдені Қырғызстан, қола жүлдені Ресей спортшысы алды.
«Қалқан» нысанасында ерлер арасында Қазақстан спортшысы бірінші орынға көтерілді. Екінші орын Моңғолия өкіліне, үшінші орын Қазақстан спортшысына бұйырды. Әйелдер арасында да Қазақстан спортшысы жеңімпаз атанып, жүлделі орындардың қатарынан ел спортшылары көрінді.
«Жамбы» нысанасы бойынша ерлер арасында Моңғолия спортшысы жеңімпаз атанды. Қазақстан өкілдері екінші және үшінші орындарды иеленді. Ал әйелдер арасында жүлделі орындардың барлығын қазақстандық спортшылар еншіледі





