Caspianlife, 8 қыркүйек. Ақтаудан Ақтөбеге әскерге аттанған 18 жастағы сарбаз қазір ауруханада жатыр. Ата-анасының айтуынша, әскери бөлімде ұлын сержанттар бірнеше рет ұрып-соққан көрінеді. Үш күн бұрын ұлдарының емдеу мекемесінде жатқанын естіген әке-шешесі Ақтаудан Ақтөбеге бірден жеткен. Қазір олар сап-сау әскерге кеткен ұлының денсаулығына алаңдап отыр.
Сарбаздың әкесі Данил Досымбетов ұлы болған жағдайды ұзақ уақыт бойы жасырғанын айтты. Кейін оның сөзінше, әскери бөлімдегі сержанттардың бірі ұлының шап тұсынан бірнеше рет соққы жасаған. Осыдан кейін жас жігіт өздігінен зәр шығара алмай қалған.
Сарбаздың анасы Гүлдана Кетибаева ұлының ауруханадағы жағдайына алаңдаулы екенін жеткізді. Оның айтуынша, әскери қызметке кеткен кезде баласының денсаулығында ешқандай мәселе болмаған.
Ауруханаға түскен сарбазды алғашында уролог тексерген. Зерттеу барысында инфекция белгілері анықталмаған. Кейін травматологтар да тексеріп, қосымша диагностика жүргізген.
Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасы басшысының орынбасары Әділбек Исмаиловтың айтуынша, сарбаз зәр шығара алмағандықтан, қабылдау бөлімінде оған катетер қойылып, зәрі шығарылған. Қазір науқастың өміріне қауіп жоқ. Ол қажетті ем алып жатыр, жалпы жағдайы орташа ауырлықтан қанағаттанарлық жағдайға жақсарған.
Еркебұлан Досымбет Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде шамамен үш ай қызмет еткен. Қазір әскери бөлімде қызметтік тексеру жүргізілуде.
Әскери бөлім командирінің орынбасары Төлеген Тұрақбаевтың мәлімдеуінше, «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
5 қыркүйекте Ақтөбеге «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы мен әскери полиция басқармасының бастығы келген. Сол күні сарбаздың ата-анасымен кездесу ұйымдастырылып, тергеу амалдары басталған.
Әзірге сарбазға нақты диагноз қойылған жоқ.
Ал сарбаздың ата-анасы ұлын әскери қызметте қалдырмайтынын айтты. Олар әскери бөлімде жарғыдан тыс қарым-қатынас жалғасса, баласының өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдап отыр.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: shyndyk.kz

