CaspianLife, 7 қыркүйек. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов 6 қыркүйекке қараған түні атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың жоғары көрсеткіші тіркелуіне байланысты бейінді қызметтерге экологиялық ахуалдың нашарлауына әрекет етудің бекітілген алгоритміне сәйкес тексеру жүргізуді тапсырды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ауаны ластаушы ықтимал көздерді тексеріп, қосымша өлшеулер жүргізді.
Тексеру шеңберінде облыс әкімі “Сасық сай” буландыру алаңдары мен АМӨЗ-ге қарасты булау станциясына барып, нысандардың қазіргі жағдайын көзбен көрді.
Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік органдар мен АМӨЗ өкілдерінің басын қосып, жедел жиын өткізді. Онда мониторинг деректері, қалыптасқан жағдай және ауа сапасының нашарлау себептерін анықтау жөніндегі шаралар қаралды.
Аймақ басшысы ауа сапасына мониторинг жүргізетін өңірлік жүйе құру бойынша ұсыныстар дайындауды, онда қаржыландыру көлемін, техникалық параметрлер және іске асыру мерзімдерін нақты көрсетуді, ластанудың ықтимал көздерін жан-жақты әрі объективті тексеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Тексеру қорытындысы бойынша қосымша хабарланады.

