CaspianLife, 4 қыркүйек. Атыраудағы қоғам назарын аударған атышулы «Жангелдин ісіне» қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Аталған қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылып, балаларымен кездесті.
Белгілі болғандай, анасы балаларын көру үшін алғаш рет биылғы жылдың 27 тамызында Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына барған. Бұл сағынысқа толы кездесуден кейін ол 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде балаларын құттықтау үшін арнайы барып, олармен тағы да жүздесті.
Еске сала кетейік, Ақбаян Мұқанғалиеваның жолдасы Сұлтан Сарсемалиев осыған дейін резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына түрмеге жабылған болатын. Ал Ақбаянның өзі жақында ғана психикалық денсаулық орталығынан шығарылған.
Қазіргі таңда олардың төрт бірдей баласы Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Орталық мамандарының қамқорлығындағы балалар сол жерде жаңа оқу жылын бастап, білім алуды жалғастыруда.

