CaspianLife, 2 қыркүйек. Ақтөбеде қоқыс полигоны өртенді. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт кеше сағат 17:00-де басталған. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке қоқыстың өздігінен тұтануы себеп болған. Жалын 300 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиға орнына құтқарушылар мен әскери қызметшілер жедел жетті. Өртті сөндіруге 93 адам мен 61 арнайы техника жұмылдырылды. Жалынды кешкі сағат 21:00-ге жуық уақытта оқшаулауға мүмкіндік болған.
Қазіргі уақытта мамандар түтіндеп жатқан аумақты топырақпен көміп, өртті толықтай сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің инспекторы Талғат Наурызов:
«Кеше сағат 17:00-де қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыстың өздігінен тұтануы салдарынан өрт шықты. Өрттің жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіруге барлығы 61 арнайы техника жұмылдырылды. Ашық жалын ошақтары толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта түтін шығу ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрттің себебі — өздігінен тұтану. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр», — деді.