CaspianLife, 2 қыркүйек. Қазақстанда Білім күні аталып өтіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл республика бойынша 8 мыңнан астам мектепте жаңа оқу жылы басталды. Мектеп партасына 4,1 млн оқушы отырды. Оның ішінде 380 мың бала биыл алғаш рет бірінші сыныпқа барды.
Дәстүр бойынша Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ауыл мектебіндегі алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Биыл ол Ақмола облысы Қараөткел ауылындағы IT мектебінде өткен салтанатты жиынға барды.
Мектеп 1200 оқушыға арналған және Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Білім ордасында 60 оқу кабинеті, STEM-зертхана, физика, химия және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, IT-сынып, робототехника және хореография кабинеттері, сондай-ақ екі спорт залы бар.
Елордада жаңа оқу жылын 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы бастады. Оның ішінде 32 мың бала биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Соңғы үш жылда Астанада 100 мыңнан астам оқушыға арналған 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 23-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Биыл тағы жеті мектепте қосымша оқу корпустары салынып, пайдалануға берілді.
«Білім күні қарсаңында мектебімізде тағы бір үлкен әрі қуанышты оқиға болды. Бірінші және төртінші сынып оқушыларына арналған қосымша ғимарат салынды. Мемлекет басшысы бізге осындай мүмкіндік беріп, заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа мектептің салынуына қолдау көрсетті. Мұнда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған», — деді Астана қаласындағы №73 мектеп-лицейдің директоры Гүлшат Қалтаева.
Мектеп-лицейдегі алғашқы қоңырау салтанатына келген оқушылар мен ата-аналар үшін эстрада жұлдыздарының қатысуымен шағын концерт ұйымдастырылды. Оқушылар да өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік шараға қатысты.
Биыл инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Елордада инклюзивті оқыту жүргізілетін сыныптардың саны артты. Қазір бұл жүйемен 5 мыңнан астам бала қамтылған.
Қала мектептерінде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 осындай кабинет ашылды.
Фото: informburo.kz

