CaspianLife, 28 тамыз. Атырау қаласының Кенөзек ауылдық округінде белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр. Соңғы бірнеше айда 20-дан астам сиыр өлген. Жергілікті тұрғындар жауапты тұлғалардың жағдайға ұзақ уақыт бойы атүсті қарағанына наразылық білдіруде. Ал билік әзірге ешқандай болжам жасай алмай отыр.
Фермер Қалбек Жиенбаев шығынының көлемін айтып берді:
«Тек менің шаруашылығымда 2026 жылдың басынан бері 19 бас ірі қара өлді. 8 миллион теңге шығынға баттым. Бұл тек менің жағдайым емес, көптеген шаруашылық зардап шекті. Біз үшін ең бастысы — малдың қандай аурумен ауыратынын анықтау. Жануарлар жайылымнан қайтып келе жатқанда немесе қорада тұрған жерінде өліп жатыр».
Фермерлер өлген малдың өлекселерін санитарлық талаптарға сәйкес жойып, аумақтарды толықтай залалсыздандырған. Ветеринарлар жануарлардан патологиялық сынамалар алып, облыстық зертханаға жіберген. Алайда қауіпті инфекциялардың ешқайсысы анықталмаған.
Диагноз әлі қойылған жоқ
Зерттеу нәтижелері таза болғанына қарамастан, фермерлер қауіп әлі де бар деп есептейді. Мал шаруашылығымен айналысатын Еркін Шәріпов:
«Қауіп әлі де бар. Егер ауырған малдың диагнозын айтса, өзіміз емдер едік. Бірақ диагноз белгісіз. Оны анықтай алмай отыр. Біз осы мәселенің анықталғанын қалаймыз», — деді.
Жиналған тұрғындарға Кенөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспанов шығып, мәселені тыңдады. Оның айтуынша, ірі қара малдан ауру белгілері де, қауіпті инфекцияларға тән белгілер де анықталмаған.
Ветеринария қызметінің түсіндірмесі
Тұрғындардың сауалына Атырау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Ықылас Азаматов жауап берді:
«Қан және патологиялық материалдардан сынамалар алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. Зерттеу нәтижесінде ауруларға жүргізілген талдаулар теріс нәтиже көрсетті. Қосымша су мен шөптен де сынамалар алынды. Олардың нәтижесі де таза», — деді.
Фермерлер биліктен малдың нақты диагнозын анықтауды сұрап отыр. Қажет болған жағдайда жануарларды өз қаражаты есебінен емдеуге дайын. Алайда мамандар алдағы уақытта қандай шешім қабылданатынын әзірге нақтылаған жоқ.
Патологиялық сынамаларды қосымша зерттеу үшін Астана немесе Алматы қалаларындағы ветеринариялық орталықтарға жіберу мәселесі әзірге қарастырылмаған.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА


