CaspianLife, 27 тамыз. Жыл басынан бері Атырау облысында рұқсат етілмеген 42 қоқыс орны анықталды. Оның 39-ы қазірдің өзінде жойылып, қалған үш аумақта тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рейдтік-профилактикалық іс-шаралар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өтуде. Бүгін «Балауса» шағынауданында анықталған кезекті заңсыз қоқыс орны тазартылуда.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Жеңіс Серікұлы:
«Биыл Атырау облысының аумағында ғарыштық түсірілім нәтижесінде қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 15 орны анықталды. Оның 5-еуі — Жылыой ауданында, 2-еуі — Махамбет ауданында және 8-і — Атырау қаласында. Қазіргі таңда Жылыой ауданындағы 5 учаске мен Атырау қаласындағы 4 учаске толығымен жойылды. Сонымен қатар Махамбет ауданындағы 2 учаске қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша жинақтауға арналған алаң ретінде порталға енгізілді. Ал Атыраудағы 3 учаске жеке меншік аумақ ретінде тіркелген», — деді.
Шілде айынан бастап «Спецавтобаза» кәсіпорны қала аумағындағы стихиялық қоқыс орындарын жою үшін жеті «КамАЗ» көлігін жалға алды. Жұмыстарға ауыр жүк тиеу техникасы да тартылған. Коммуналдық кәсіпорын басшылары кейбір тұрғындардың мәселеге немқұрайлы қарайтынын айтады. Тіпті үйлерінің маңына тонналап қоқыс төгіліп жатса да, жауапты органдарға хабарласпайтындар бар.
«Спецавтобаза» ЖШС директорының орынбасары Ұзақ Тусаев:
«Егер тек «Спецавтобаза» ғана емес, экология департаменті, жергілікті атқарушы органдар және барлық тұрғындар бірігіп әрекет етпесе, адамдар мәселе енді басталған кезде 109 нөміріне дер кезінде хабарламаса, жағдай мұндай деңгейге дейін жетпес еді», — деп атап өтті.
Қазіргі уақытта тұрғындар өз үйлерінің айналасындағы бес метр радиустағы аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талап 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін шабылған шөпті қоқыс контейнерлеріне тастайтын тұрғындар саны артқан.
«Спецавтобаза» өкілдерінің айтуынша, бұл — заңсыз. Тұрғындар жиһаз, құрылыс және өсімдік қалдықтарын қоқыс полигонына өздері апаруы немесе мамандандырылған ұйымдардың ақылы қызметтерін пайдалануы тиіс.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

