Caspianlife, 25 тамыз. 25 тамызда сағат 12:55-те «112» пультіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.
Нысанның ерекшелігі ескеріліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына жедел жіберілді.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметтерінен шамамен 65 адам мен 19 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық күштер мен құралдардың жұмысы үйлестірілді.
Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, оның одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

