Caspianlife, 21 тамыз. Атырауда жыл басынан бері 50 272 адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Бұл төлемдер еңбекке қабілетінен және жұмысынан айырылған, жүктілік пен босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылған азаматтарға берілді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде жұмысынан айырылуына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың 18 800-ге жуығына әлеуметтік төлем тағайындалса, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемді 19 400-ге жуық адам алған.
Атырау облысы “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ филиалының директоры Алмагүл Шатенованың айтуынша, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу үшін өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы немесе электронды түрде egov.kz, enbek.kz порталдары мен екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
— Электронды түрде өтініш берген жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 4 жұмыс күнін, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүгінген кезде 8 жұмыс күнін құрайды. Егер жұмыс беруші тарапынан әлеуметтік аударымдар толық төленбесе немесе қосымша мәліметтерді тексеру қажет болса, төлемді тағайындау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін,- деді МӘСҚ директоры.
Айта кетейік, қажетті құжаттар немесе мәліметтер ақпараттық жүйелерде анық болмаған, заңнама талаптарына сәйкес келмеген немесе құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалмайды.

