Caspianlife, 17 тамыз. Әлемдегі ең ірі мұнай жобаларының бірі бойынша сот процесі жаңа деңгейге көтерілуде: Қазақстан халықаралық консорциумды келісімшарттарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық схемаларын қолданды деп айыптауда және Қашағандағы көпжылдық кешігулердің салдарларын қайта қарауды талап етуде. Бұл туралы бірнеше дереккөзге сілтеме жасай отырып, Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ) хабарлайды.
Талап-арыздың мәні
«Құпия халықаралық арбитраж шеңберінде Қазақстан үкіметі 2000-шы жылдары North Caspian Operating Consortium (NCOC) халықаралық инжинирингтік және құрылыс компанияларымен жасасқан жалпы сомасы 10,7 млрд доллар болатын онға жуық келісімшарт заңбұзушылықпен — тараптардың жеке мүддесі, шығындарды негізсіз асыра көрсету жемесе пара беру есебінен алынған деп мәлімдейді. Бұл туралы ICIJ-ге істің барысымен таныс бірнеше дереккөз хабарлады», — делінген Томас Роулидің мақаласында.
Сөз Қашағанның — ел тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық компаниялар Қазақстанмен бірлесіп игере бастаған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірінің басты нысандарын салуға арналған келісімшарттар туралы болып отыр. NCOC құрамына Shell, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies, қытайлық CNPC және жапондық Inpex кіреді.
Бұл — Астананың NCOC-қа қарсы бүкіл дау тарихындағы ең салмақты айыптауы. Жалпы алғанда дау 160 млрд долларға бағаланады және ол жемқорлық құраушысынан бөлек, жіберіп алған пайда мен экологиялық зиянды өтеу талаптарын қамтиды. Істі Лондондағы Халықаралық дауларды шешу орталығы (IDRC) қарауда және бар бағалауларға сәйкес, бұл тарихтағы ең ірі халықаралық арбитраждық шағым болып табылады — ол тіпті ЮКОС-тың Ресейге қарсы 114 млрд долларлық талап-арызынан да асып түседі.
Гаагадағы Тұрақты арбитраждық сотта тіркелген трибунал әлі жемқорлық айыптары бойынша шешім шығарған жоқ.
Тараптардың ұстанымы
Қазақстан келесідей талапты алға тартады: кезінде Аляскадағы Прудо-Бейден кейінгі ең ірі деп аталған Қашаған кен орнындағы сыни кешігулер келісімшарттарды бөлудегі сыбайлас жемқорлықпен және одан кейінгі жобаны тиімсіз басқарумен байланысты болды. Жобаны іске қосу 2000-шы жылдардың ортасында жоспарланғанымен, толыққанды өндіріс тек 2016 жылы басталды. Қазақстан тарапының бағалауынша, кешігу мемлекетке миллиардтаған доллар түсімнің қалуына әкеп соқты — өйткені жер қойнауын пайдаланушылардың шығындарды өтеу кезеңі (түрлі бағалаулар бойынша шамамен 60 млрд доллар және бұл төмендетілген көрсеткіш деп саналады) жалғасып жатқанда, мемлекет кірістің басым бөлігін ала алмайды.
NCOC шағымдарды жоққа шығарып, дәлелдемелік базадағы процессуалдық заңбұзушылықтарға және талап қою мерзімінің өтіп кетуіне сілтеме жасайды. Сонымен қатар консорциум парақорлық фактілері бойынша сериялы итальяндық тергеу материалдарына сүйене отырып, өз нұсқалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа шетелдік компаниялар емес, қазақстандық лауазымды тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады.
ICIJ-ге берген ресми түсініктемесінде NCOC өкілдері консорциум қатысушылары келісімшарттарға, Қазақстан заңнамасына және қолданыстағы салалық стандарттарға сәйкес әрекет еткенін мәлімдеп, сот процесінің құпиялылығына байланысты қосымша пікір білдіре алмайтынын қосты. Eni, Inpex, Shell және TotalEnergies түсініктеме беруден бас тартып, сұрақтарды NCOC-қа бағыттады; ExxonMobil мен CNPC сұрауларға жауап бермеді. ICIJ сұрауына өнімді бөлісу туралы келісімдер бойынша өкілетті орган — қазақстандық «PSA» ЖШС де, республиканың Энергетика министрлігі де жауап берген жоқ.
Контекст: Қарашығанақтан Қашағанға дейін
«Арбитраж 2019 жылы бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жылдық билігі аяқталғаннан кейінгі реформалар қарқынына көңілі толмаушылықтан туындаған 2022 жылғы бұқаралық наразылықтардан кейін басталды. Сарапшылар бұл шағымды президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілігінің тәуекелді кадамы деп атайды, бұл елдің ең ірі мұнай корпорацияларымен және жалпы шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасын қиындатуы мүмкін», — деп мәлімдейді ICIJ.
Қашағанды, сондай-ақ басқа екі мегажобаны — Теңіз бен Қарашығанақты игеру шарттары ұзақ мерзімді өнімді бөлісу келісімдерімен реттеледі: жер қойнауын пайдаланушылар игеруді қаржыландырады және өндірілген мұнай есебінен шығындарды өтейді, одан кейін пайданы мемлекетпен бөліседі. Астананың пікірінше, осы келісімдер бойынша әділетті шарттарға қол жеткізуге ұмтылу соңғы жылдардың басты лейтмотивіне айналды: осы жылдың басында Қарашығанақ бойынша арбитраж аяқталды, оның шешімі Қазақстанның пайдасына шығарылды. Reuters мәліметінше, бұл шешімге сәйкес, қазақстандық тарап 2022 жылға дейін билік салалық сыбайлас жемқорлық пен клептократияға көз жұма қарағанын мойындады.
Қашаған ісі бойынша, ICIJ бұған дейін хабарлағандай, Қазақстан бастапқы роялти төленгеннен кейін мұнай компаниялары өндірілген мұнайды сатудан түсетін табыстың шамамен 98%-ын алатынын көрсетеді.
Одан әрі не болады?
ICIJ дереккөздері дауды реттеу бойынша келіссөздер барысында мұнай компаниялары тығырықтан шығудың бір нұсқасы ретінде қолданыстағы өнімді бөлісу келісімін (әлі де шығындарды өтеу кезеңінде тұрған) бұзып, кен орнын одан әрі игеру үшін жаңа бірлескен кәсіпорын моделіне өтуді ұсынғанын хабарлайды. NCOC бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Қашаған төңірегіндегі кернеу басқа бағыттар бойынша да күшейіп келеді: 21 шілдеде Қазақстан билігі дауланып жатқан 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға байланысты NCOC-тың ел ішіндегі активтерін, соның ішінде мүлкі мен көлік құралдарын бұғаттады — бұл бөлек халықаралық арбитраждың пәніне айналды.
Егер тараптар бейбіт келісімге келе алмаса, сыбайлас жемқорлық айыптаулары бойынша жабық тексеру — соның ішінде оларға кімнің жауапты екенін анықтау — кем дегенде трибуналдың түпкілікті шешімі күтілетін 2028 жылға дейін созылады.

