CaspianLife, 13 тамыз. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Хорватияның көмірсутектер жөніндегі агенттігінің еншілес ұйымы Geoenergija Razvoj d.o.o. компаниясының бірлескен кәсіпорны – «Shygys Operating» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа компания Ақтөбе облысындағы Шығыс жер қойнауы учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін оператор болады.
Жоба аясындағы ең төменгі жұмыс бағдарламасына 500 погондық километр көлемінде 2D сейсмикалық барлау жүргізу және тереңдігі 3500 метр іздеу ұңғымасын бұрғылау кіреді.
Қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен «Shygys Operating» ЖШС бас директоры болып Нұрлан Қонысов сайланды. Оның мұнай және газ геологиясы саласында жоғары білімі және «ҚазМұнайГаз» жүйесінде көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар.
Еңбек жолын «Oil Services Company» ЖШС-де бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған. 2015–2023 жылдары «ҚазМұнайГаз» компаниясының Геология және барлау департаментін басқарды. Сонымен қатар әр жылдары «РД ҚазМұнайГаз» АҚ, «Karaton Operating Ltd», «Kalamkas — Khazar Operating» және «Optimum» жобалау институты» ЖШС компанияларында қызмет атқарған.
Фото: ҚМГ

