CaspianLife, 11 тамыз. Маңғыстау облысында Аташ пен Баутино тұрғындарының шағымынан кейін Каспий теңізінің ластануы туралы ақпарат тексеріліп жатыр.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары жергілікті тұрғындар теңіз бетінде мұнай өнімдеріне ұқсас затты байқағанын хабарлаған соң, Аташ және Баутино ауылдары маңындағы Каспий жағалауына барды. Теңіз бетіндегі майлы дақтар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тез тараған.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті бөлімінің басшысы Қайсар Надирбектің айтуынша, тұрғындардан өтініш 8 тамызда түскен.
«8 тамызда Баутино және Аташ тұрғындарынан Каспий теңізінің жағалауынан мұнай өнімдерінің іздері байқалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары аумаққа визуалды тексеру жүргізді. Тексеру барысында Аташ пен Баутиноның жағалау аумағынан су сынамалары алынды. Қазіргі уақытта зертханалық талдаулар жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Мониторинг барысында жағалаудағы кәсіпорындар мен айлақтарға қызмет көрсететін ұйымдармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мұнай өнімдерін теңізге төгуге жол берілмейтіні қатаң ескертілді.
Айта кетейік, өңірде осыған ұқсас жағдай үш жыл бұрын да тіркелген. Сол кезде тұрғындар теңіз бетінде ірі көлемдегі майлы дақтар пайда болғанын хабарлаған. Осыдан кейін экологтар шұғыл тексеру ұйымдастырды. Кейін анықталғандай, жағалауға жақын тұрған кемеден теңізге 300 литр дизель отыны төгілген.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы

