CaspianLife, 11 тамыз. Ақтөбеде 70-ке жуық тұрғын туристік компанияның алаяқтығына ұшырап, Түркия, Мысыр және Грузияға жолдамалар, әуе билеттері мен сапар үшін төлеген ақшаларын ала алмай қалған. Зардап шеккендер полицияға жүгінген. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Турфирма кеңсесінің алдына 20-ға жуық адам жиналып, агенттікке алдын ала қомақты қаражат аударғандарын айтты. Алайда соңғы сәтте олар жолдама да, билет те ала алмаған, ақшалары да қайтарылмаған. Зардап шеккендердің айтуынша, компания өкілі бастапқыда мәселені шешуге уәде бергенімен, кейін байланысқа шықпай қойған.
Ақтөбе тұрғыны Асылбек Дүйсенбеков:
«Біз Алматы арқылы ұшуымыз керек болды. Бүкіл отбасымызбен Алматыға бардық. Қалаға келген кезде компания өкілдері: “Қазір бәрін беремін, жолға шыға беріңіздер, билеттерді WhatsApp арқылы жіберемін” деп сендірді. Біз жолға шықтық. Ал ұшуға бір күн қалғанда: “Ой, тур брондалмаған, мәселе туындады” деген сияқты сылтаулар айта бастады», — деді.
Кейбір тұрғындар турагенттікке 1 миллион теңгеге дейін ақша берген. Алайда толық төлем жасағанына қарамастан, ресми ваучерлерін ала алмаған.
Ал бес адамнан тұратын бір отбасы Грузияға бару үшін 1,6 миллион теңгеге жуық ақшаны қолма-қол төлеген. Олар бұл соманы несиеге алған.
Ақтөбе тұрғыны Алмат Жантлеуов:
«Олар өз міндеттемелерін орындамады. Ал ақшаны біз несиеге алғанбыз. Бес адам болып Грузияға барамыз деп қатты қуанған едік, бірақ соңында ештеңесіз қалдық. Енді ай сайын 130 мың теңгеден несие төлеп отырмыз», — деді.
Жиналған азаматтар полицияға арыз жазып, салған қаражаттарын қайтаруды талап етті. Олардың айтуынша, турагенттік әрекетінен зардап шеккендердің жалпы саны 70 адамнан асады.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Саркуловтың айтуынша, аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Зардап шеккендер турагенттік өкілдерінің заң аясында қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

