CaspianLife, 7 тамыз. Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері қызметіне нидерландтық маман Джон ван ’т Шкиптің кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы ҚФФ ресми түрде хабарлады.
Федерация мәліметінше, тараптар ұлттық құраманы жаттықтыру жөнінде келісімге келген. Алайда маманның тағайындалуы ҚФФ Жарғысына сәйкес Атқарушы комитеттің келісімінен кейін ғана ресми түрде бекітіледі. Келісімшартқа Атқарушы комитеттің отырысынан кейін қол қойылады.
Джон ван ’т Шкип ойыншы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд ұлттық құрамасының намысын қорғаған. Ол 1988 жылы Нидерланд құрамасымен бірге Еуропа чемпионы атанған.
Бапкерлік мансабын «Аякс» клубының жүйесінде бастаған маман кейін аталған клубтың бас бапкері болды. Сонымен қатар «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» клубтарын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Сити» командасымен Аустралия кубогын жеңіп алған.
Халықаралық деңгейде Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарған.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бапкерлер штабы да жасақталды. Бас бапкердің көмекшілері болып Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бекітілсе, қақпашылар бапкері қызметін Юрий Новиков, дене даярлығы бойынша бапкер қызметін Вадим Боровский, ал сарапшы бапкер міндетін Тимур Құсайынов атқарады.

