CaspianLife, 7 тамыз. Атырауда жекеменшік балабақшада болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісі кішкентай тәрбиеленушіге жүйелі түрде күш қолданған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда әйелдің баланы қолынан дөрекі тартып, жұлқылап, күштеп ұйықтатуға әрекет жасағаны анық көрінеді.
Жәбірленген бала бұл балабақшаға небәрі бес күн ғана барған. Алғашында ата-анасы оның жылауы мен мазасыздануын бейімделу кезеңімен байланыстырған. Алайда көп ұзамай ұлының құлағынан қан аққан жарақат пен иығындағы тістің ізін байқап, бірден құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жазира Ғабиден, баланың анасы:
«Төрт күн бойы – дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері ол менің баламды қорлаған. Видеодан көргенімді айтып жеткізу мүмкін емес. Егер бала ұйықтамаса, оның қолын күштеп ұстап отырады. Үстінен көрпені жауып, қысып тастайды. Сілкілеген кезде лақтырып жібереді. Бала екі бетімен жерге құлап, қайтадан оның етегіне жармасады. Қарны ашса да тамақ бермейді.»
Полицияға арызданғаннан кейін отбасы тағы бір сұмдық жайтты анықтаған. Белгілі болғандай, бала тапсырылған тәрбиешінің бұрын сотталғаны белгілі болған.
Мейрамгүл Құттыбаева, баланың әжесі:
«Оның бұрын сотталғаны анықталды. Енді тәрбиеші де, балабақша директоры да қатаң жауапқа тартылуы керек. Басшылық оны жұмысқа қабылдар алдында құжаттарын мұқият тексеруі тиіс еді. Осындай немқұрайдылықтың кесірінен бұл жағдай орын алды.»
Белгілі болғандай, жекеменшік балабақша небәрі үш ай бұрын ашылған. Қазір онда 24 бала тәрбиеленуде. Мекеме құрылтайшысы осы уақытқа дейін тәрбиеші өзін тек жақсы жағынан көрсеткенін, мұндай жағдайдың алғаш рет болғанын айтты.
Нағима Аманқосова, жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы:
«Біз шын жүректен кешірім сұраймыз. Бұл жағдай туралы ата-аналармен бір уақытта білдік. Тәрбиешінің үйіне барып, не болғанын сұрағанымда, ол ештеңе түсіндіре алмады. Бірден баланың анасына хабарласып, қолдан келген көмектің бәрін көрсететінімді айттым. Таңертең баланы толық медициналық тексеруден өткізуге келістік.»
Атырау облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар тергеу органына жеткізілген.
Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД ресми өкілі:
«Аталған дерек бойынша «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.»
Баланың ата-анасы ұлының физикалық және психологиялық жағдайына алаңдап, кінәлілердің барлығы заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етуде. Олардың айтуынша, мұндай жағдайдың басқа балалардың басына қайталанбауы үшін әділ шешім қабылдануы қажет.
(Дереккөз: Caspian News)

