CaspianLife, 5 тамыз. Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылықты жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, заң күшіне енген алғашқы күннен бастап еліміздің барлық өңірінде сотталғандардың материалдарын қарау басталған. Құқық қорғау органдары құжаттарды уақытылы дайындау, оларды соттарға жолдау және қабылданған шешімдердің орындалуын күнделікті бақылауда ұстап отыр.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданған. Оның ішінде 4 400-ге жуығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, ал 6 900-ден астамы пробация қызметтерімен дайындалған.
Қазіргі уақытқа дейін соттар мыңнан астам материалды қарап үлгерген. Соның нәтижесінде:
- қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды;
- пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат жазасын өтеуден босатылды;
- 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
Осылайша, рақымшылық аясында 1300-ден астам адам бостандыққа шыққан.
Нияз Рыспаевтың сөзінше, рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталғанның ісі жеке қаралып, материалдар сотқа жолданады. Соңғы шешімді тек сот қабылдайды.
Сонымен қатар, рақымшылықпен босатылған азаматтардың қоғамға бейімделуі де бақылауда. Оларға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, жеке құжаттарын қалпына келтіру, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету шаралары ұйымдастырылып жатыр.
Алайда рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық, экстремистік және террористік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау, сондай-ақ қауіпті және аса қауіпті қайталама қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық қарастырылмаған.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі.

