CaspianLife, 5 тамыз. Атырау облысында өтетін Құрылтай сайлауына бақылаушы ретінде 13 ұйым қатысады. Бұл туралы Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мәлімдеді.
Комиссияның мәліметінше, аталған ұйымдардың барлығы заң талаптарына сәйкес аккредиттеуден өткен. Сайлау туралы заңға сәйкес, бақылаушы ретінде кандидаттардың сенім білдірген өкілдері, саяси партиялардың өкілдері, арнайы аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Бұдан бөлек, аккредиттелген халықаралық бақылаушылардың да дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі.
Қазіргі уақытта Қырғызстан мен Франциядан келген ұзақ мерзімді халықаралық бақылаушылар өз жұмыстарын бастап кеткен. Олар Атырау облысындағы сайлау науқанының дайындық барысымен де танысады.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі 278 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде облыста 428 127 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 3 мыңнан астамы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтардың дауыс беру тәртібін түсіндірді.
Оның айтуынша, «Сайлау туралы» заңға сәйкес, басқа өңірде болатын сайлаушылар дауыс беру күніне дейін 30 күн бұрын, яғни 23 шілдеге дейін, уақытша болатын жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтініш бере алады. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, онда 7 тамыздан бастап азаматтар өздерінің тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алып, басқа өңірде дауыс беру құқығын пайдалана алады.

