Caspianlife, 30 шілде. Атырау облысында кәсіпкерлерді қалдықтарды қайта өңдеу саласына тарту және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіруге арналған жиын өтті. Басқосуда EcoQoldau ақпараттық жүйесіне тіркелу тәртібі, қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеуге берілетін мемлекеттік субсидияларды алу шарттары таныстырылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір жергілікті кәсіпорындарды бағдарламаға тарту жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін кәсіпорында қабылдау пункті немесе кемінде үш фандомат, сұрыптау алаңы және арнайы техника болуы қажет.
«Жасыл даму» АҚ өкілі Сәкен Шаймұраттың айтуынша, бүгінде республика бойынша қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеумен айналысатын компанияларға 1,5 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Осындай қолдаудың аясында Атырау облысында мемлекеттік оператордың қолдауымен ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдейтін зауыттың құрылысы да қаржыландырылған.
– Бүгінгі жиынға бағдарламамызға қызығушылық танытып, мемлекеттік қолдау алуға құжат тапсыруды жоспарлаған бірнеше кәсіпорын қатысты. Атырау облысында бұл бағыт әзірге жеткілікті деңгейде дамымаған. Себебі тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды негізінен жекеменшік компаниялар жүзеге асырады. Алдағы уақытта қайталама шикізатты жинау, сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың санын көбейтуді көздеп отырмыз, – деді Сәкен Шаймұрат.
Жиынды Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды. Кездесуде қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін дамыту мәселелері де талқыланды.

