Caspianlife, 29 шілде. Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған кинологиялық көпсайыс бойынша біріншілік өз мәресіне жетті. Дәстүрлі жарысқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал және Жаңаөзен қалаларындағы алты әскери бөлімнің кинологтары қызметтік иттерімен бірге қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Үш күнге созылған тартысты додада қатысушылар адамды іздеу, жасырылған заттарды, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, құқық бұзушыны ұстау, сондай-ақ жалпы дайындық нормативтері бойынша сынға түсті. Төрешілер қызметтік иттердің дайындығымен қатар кинологтардың кәсіби шеберлігі мен өзара үйлесімді жұмысына жоғары баға берді.
Жарыс қорытындысы бойынша Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің кинологтары командалық есепте күміс жүлдеге ие болды. Үш күн бойы Ақтау және Атырау командалары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс үшін тартысты бәсеке өрбітті. Нәтижесінде чемпион небәрі 10 ұпай басымдығымен анықталды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы кинологиялық қызметінің бастығы Максим Поповтың айтуынша, биылғы біріншілікте командалардың дайындық деңгейі өте жоғары болған.
– Соңғы үш күн бойы Ақтау мен Атырау әскери бөлімдерінің командалары тең нәтиже көрсетіп келді. Қорытындысында жеңімпаз небәрі 10 ұпай басымдығымен анықталды, – деді ол.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің кинологтары иеленсе, екінші орын Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінің еншісіне бұйырды. Үздік үштікті Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің командасы түйіндеді.
Мұндай жарыстар әскери кинологтардың кәсіби біліктілігін арттырып, қызметтік иттердің жауынгерлік әзірлігін шыңдауға, сондай-ақ әскери бөлімдер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға мүмкіндік береді.
(ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі)



