CaspianLife, 29 шілде. Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды қолдау бағдарламасы жаңартылды. Енді бағдарламаға қатысушылар баспана сатып алу үшін 7 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау ала алады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Бағдарламадағы негізгі өзгерістердің бірі – экономикалық мобильділік сертификатының көлемінің артуы. Енді оның ең жоғары мөлшері 7 миллион теңгеге дейін (1 625 АЕК) ұлғайтылды.
Бұл қаражат қоныс аударғаннан кейін жеке тұрғын үй сатып алуға жұмсалады. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, бұл жаңашылдық азаматтардың жаңа өңірде тұрақтап, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беруге бағытталған.
Бағдарлама аясында тұрғын үй алуға берілетін қаражаттан бөлек, азаматтарға:
- көшу шығындары өтеледі;
- тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге қаржылай қолдау көрсетіледі;
- жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі.
Бағдарламаға қатысушылар болашақ жұмыс орнын алдын ала таңдай алады. Ол үшін қабылдаушы өңірлерде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, үміткерлер жұмыс берушілермен алдын ала танысуға мүмкіндік алады.
Соның арқасында азаматтар еңбек жағдайымен танысып, қоныс аудару туралы шешімді тұрғылықты жерінен шықпай-ақ қабылдай алады.
Жаңартылған бағдарламаға енді:
- жұмыссыз азаматтар;
- еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар;
- шаруа және фермер қожалықтарының басшылары қатыса алады.
Министрлік бұл өзгерістер еңбек күші жетіспейтін өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Бағдарламаға қатысу рәсімі толық цифрландырылған. Азаматтар migration.enbek.kz порталы арқылы:
- онлайн өтінім бере алады;
- қоныс аудару картасымен танысады;
- сұранысқа ие мамандықтарды қарайды;
- өзіне қолайлы бос жұмыс орнын таңдай алады.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы Қазақстанда 2017 жылдан бері іске асырылып келеді.
Осы уақыт ішінде бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, олардың 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Министрлік жаңа өзгерістер бағдарламаның тиімділігін арттырып, маман тапшылығы бар өңірлерге білікті кадрларды көбірек тартуға мүмкіндік береді деп отыр.

