CaspianLife. 22 шілде. Каспий құбыр консорциумы (КТК) Новороссийск маңындағы теңіз терминалында орын алған дрон шабуылдарына байланысты 21 шілдеден бастап Қазақстан аумағынан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлайды.
Инфрақұрылым қауіпсіздігі мен тасымалдау процесінің іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған бұл шешім туралы салалық дереккөздер мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
КТК мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Южная Озереевка ауданындағы №1 және №3 жүзбелі айлақ құрылғыларында (ЖАҚ) мұнай тиеу жұмыстары жүріп жатқан сәтте ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрон) шабуылы тіркелген.
Шабуыл нысанасына екі экспорттық танкер ілікті: «Asia» танкері — «Тенгизшевройл» компаниясының мұнайын тиеу барысында; «Nissos IOS» танкері — «Кашаган Б.В.» және «Матен» («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ) компанияларының шикізатын тасымалдау кезінде.
20 шілдеде КТК танкерлерге мұнай тиеуді тоқтатты. Консорциум басшылығы терминалдың зақымдануы немесе техникалық ақаулар туралы ресми хабарламаған.
Консорциумдағы 15% үлеске ие Chevron компаниясы жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын және қызметкерлердің қауіпсіздігі басты орында екенін мәлімдеді:
«Chevron КТК төңірегіндегі жағдайды бақылауды жалғастыруда. Қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз», — деп атап өтті компания өкілдері.
Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері энергетикалық инфрақұрылымдарға жасалған шабуылдарды айыптап, мұндай әрекеттердің әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыруға бағытталғанын хабарлады. Өз кезегінде, Украинаның Қазақстандағы Елшілігі бұл оқиғаға елдің Қарулы күштерінің қатысы жоқтығын мәлімдеді.

