Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылыс барысын тексеріп, жобаның белгіленген кестеден айтарлықтай кешігіп жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, келісімшарт бойынша құрылысқа 36 ай қарастырылған. Оның 29 айы өтіп кеткенімен, нысанның жалпы дайындық деңгейі небәрі 40 пайызды құрайды. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы 13 пайыз ғана.
Сондай-ақ бетон құю жұмыстары да жоспардан едәуір қалып қойған. Жоспарланған 58,4 мың текше метрдің орнына әзірге 7,5 мың текше метр ғана орындалған.
Технологиялық жабдықтарды жеткізу ісінде де кідірістер бар. Тапсырыс берілген 259 позицияның тек 98-і ғана жеткізілген. Осыған байланысты министр мердігерлерге жабдықтарды жеткізуді жеделдетуді, шетелдік өндірушілермен жұмысты күшейтуді және Қазақстандағы модульдік құрастыру қуаттарын арттыруды тапсырды.
«Мұндай құрылыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Мердігерлер жұмыс көлемін дереу ұлғайтуы тиіс», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр Жаңаөзен газ өңдеу зауытының еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба екенін атап өтіп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, құрылыс алаңына қосымша жұмыс күші мен арнайы техника тартылып, ең қызған кезеңде мұнда 1200-ге дейін маман еңбек етеді.
Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 900 млн текше метр газ өңдеп, 743 млн текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясын өндіру жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі енді мердігерлерден құрылыс барысы мен кешігулерді жою шаралары туралы апта сайын жедел есеп алып отырады.
Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.




