CaspianLife. 20 шілде. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалында тұрған ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдарға байланысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, шабуыл жасаған тарап азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасу тетігін әдейі елемеген. Соның салдарынан экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төнген.
СІМ Қазақстан өз мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді пайдалануға және келтірілген шығынның өтелуін талап етуге құқылы екенін мәлімдеді.
Ресми Астана мұндай шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырып, халықаралық қауымдастықты оларды қатаң айыптауға үндеді. Сонымен қатар, энергетикалық ресурстарды экспорттау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта келтірілген залал жан-жақты бағалануда.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі оқиғадан зардап шеккендер жоқ екенін, КТК терминалындағы ВПУ-1 және ВПУ-3 нысандары бүлінбегенін хабарлаған болатын. Алайда мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. ASIA танкеріне «Теңізшевройлдың» мұнайы, ал NISSOS IOS танкеріне Kashagan B.V. және Матен компанияларының мұнайы тиелген.
Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық логистикалық тізбектерді тұрақсыздандыру әрекеті ретінде бағалайтынын мәлімдеді.

