CaspianLife. 10 шілде. Маңғыстау облысы Полиция департаменті Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында болған қарулы жанжалға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде адам өлтіруге оқталу бабы да бар.
Полицияның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 9 шілдеде болған. Жастар арасындағы жанжал салдарынан екі ер адам ауыр оқ жарақатын алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі азаматтың да дәрігерлердің бақылауында екенін және қажетті ем қабылдап жатқанын хабарлады. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ.
Тәртіп сақшылары оқиғаның барлық қатысушыларын анықтап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.
– Аталған факті бойынша адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу баптары бойынша қылмыстық істер тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде негізгі төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары қарулы жанжалдың себептері мен барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Ақшұқыр ауылындағы атыс туралы ақпарат өңір тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды. Оқиғадан кейін Ақтау қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде жараланғандардың фотосуреттері мен қарулы жанжал туралы ақпараттарды жаппай бөлісе бастаған.

