CaspianLife. 7 шілде. Ақтауда Каспий теңізіне екі адам батып кетті. Қайғылы оқиға облыс орталығынан 41–42 шақырым қашықтықтағы жағалауда, шомылуға арналмаған жерде болған. 42 жастағы ер адамның денесін сол жерде жүрген адамдар судан шығарып алған. Арада көп уақыт өтпей, осы маңнан тағы бір оқиға туралы хабар түскен. Құтқарушылар жеткенге дейін куәгерлер 14 жастағы баланың денесін судан алып шыққан. Сондай-ақ, олар 35 жастағы ер адам мен оның 8 жастағы баласын да ажалдан арашалап қалды. Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілсе, әкесі дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді.
Ерлан СОЛТАНМҰРАТОВ, Маңғыстау облыстық ТЖД ресми өкілі
— Екі оқиғаның салдарынан бір ересек адам, бір бала қаза тауып, екі адам құтқарылды. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды тек шомылуға арнайы жабдықталған орындарда ғана суға түсуге шақырады. Шомылуға жабдықталмаған учаскелерде суға түсу өмірге қауіпті. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыздар.

