CaspianLife. 2 шілде. Ақтөбелік зейнеткер бір күннің ішінде барлық жинаған ақшасынан ғана емес, жалғыз баспанасынан да айырылып қалды. Әйел адам WhatsApp желісінде «электр есептегішін ауыстыру» туралы хабарламадан басталған қоңыраулар сериясынан кейін алаяқтардың құрығына түскен.
Бәрі неден басталды?
22 наурызда қарт әйелге WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз біреулер хабарласқан. Өзін энергиямен жабдықтайтын ұйымның қызметкерімін деп таныстырған ол есептегішті ауыстыру керектігін айтып, 1414 нөмірінен келетін кодты айтуды өтінген. Көп ұзамай екінші қоңырау шалынған. Бұл жолы өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған адам зейнеткердің шотына қауіп төніп тұрғанын айтып, оны несие рәсімдеуге көндірген. Тіпті, алаяқтар әйелдің қасына бірге жүретін дәл өзіндей тағы бір зейнеткерді «көмекші» ретінде тауып берген.
«Энергетиктен» ҰҚК «қызметкеріне» дейін
Зейнеткер жаңа танысымен бірге «Айна» сауда орталығына барып, терминал арқылы ақша аударған. Осыдан кейін алаяқтар әйелдің «арнайы өңдеуге» алынғанын, жақын арада оған ҰҚК (КНБ) қызметкерлері хабарласатынын айтып, құпиялылық туралы келісімшарт жіберетіндерін мәлімдеген. Осы әңгімелерден кейін зейнеткерді 6 миллион теңгесін долларға айырбастауға мәжбүрлеп, ол қаражатты Грузиядағы шоттарға аудартқан.
«Бұл зейнеткер қасындағы әжемен бірге «Айна» сауда орталығына барып, екеуі терминал арқылы ақша салған. Бәрі аяқталғаннан кейін, алаяқтар құпиялылық туралы келісімшарт жібереміз, сіздер бақылаудасыздар, қазір ҰҚК-ден хабарласады деп айтқан. Яғни, олар әртүрлі кейіпте сөйлескен», — деді зейнеткердің немересі Азамат Әбдірахимов.
Пәтерді екі сағаттың ішінде сатып жіберген
Алаяқтар мұнымен тоқтап қалмай, әйелдің жалғыз баспанасын көздеген. Оған шетелде жүрген «Алексей» есімді азамат пәтеріңізді сатпақшы болып жатыр деп өтірік айтып, үйді суретке түсіріп жіберуді талап еткен. Кейін өздері сату туралы хабарландыру берген. Нарықтағы құны шамамен 11 миллион теңге болатын пәтерді небәрі екі сағаттың ішінде 7,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Бірақ қылмыскерлер мұнымен де тынбай, әйелге тағы бір несие алғызып, шотқа түскен ақшаны шетелге аударуға мәжбүрлеген.
Алаяқтың мойындауы
Соңғы ақша аударымынан кейін қылмыскерлер байланысқа шықпай қойған. Соңғы рет қоңырауға өзін қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, «көмектесіп» жүрген Мирболат есімді жігіт жауап берген.
«Соңында тұтқаны қауіпсіздік қызметінен көмектесіп жүрген Мирболат есімді жігіт алды. Ол әжеме: «Әже, сізді алдап кетті. Әлгі Кирилл де, мынау да алаяқтар» деп бәрін жайып салды. Әжем: «Ал сен ше?» деп сұрағанда, ол: «Мен де алаяқ болып шықтым. Енді не істейсіз? Балаларыңызға хабарласып, алданып қалғаныңызды айтыңыз, прокуратураға барып арыз жазыңыз» деп тұтқаны тастай салған. Әжеміз аялдамада не істерін білмей солай тұрып қалды», — дейді Азамат Әбдірахимов.
Қазіргі уақытта зейнеткердің үстінен полицияға басқа да зардап шегушілер арыз түсіріп жатыр. Себебі ол алаяқтардың нұсқауымен өзі де білмей өзге адамдардың ақшасын шоттарға аударып отырған. Облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бұл іс бойынша жедел-іздестіру шаралары жүріп жатқанын хабарлады.
Полиция не дейді?
«Менің кеңесім: егер сіз байқаусызда 1414 нөмірінен келген кодты айтып қойсаңыз да, алаяқтар сізге ештеңе істей алмайды. Олар бұл кодты тек қорқыту үшін ғана қолданады. Негізінен екінші қоңыраудан сақтану керек. Дәл осы кезде олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атынан хабарласып, сізді банкке баруға мәжбүрлейді. Яғни, екінші қоңырау келгенде оны мүлдем елемеу керек. Кім хабарласса да — полиция, банк немесе ҰҚК қызметкерлері болсын — ешқашан WhatsApp арқылы қоңырау шалмайды. Бұлар — алаяқтар», — деп ескертті Ақтөбе облысы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров.
Полицияның тұрақты ескертулеріне қарамастан, алаяқтардың арбауына түсетіндер азаяр емес: жыл басынан бері Ақтөбе облысында 494 адам алаяқтардың құрбаны болған.
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

