CaspianLife. 2 шілде. Қазақстан шикізат экспортына тарихи тәуелділікті жүйелі түрде азайтып, Орталық Азияның негізгі инвестициялық хабы ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, тұрақты әрі әртараптандырылған экономикалық өсім көрсетіп отыр. Бұған Reuters ақпарат агенттігінің платформасында жарияланған World Impact Media Organization (WIMO) халықаралық ұйымының талдау есебіндегі мәліметтер дәлел болады.
Халықаралық сарапшылардың тұжырымына сәйкес, республиканың макроэкономикалық жетістіктері жаһандық құбылмалылық — әлемдік ЖІӨ-нің баяулауы, нарықтардың жоғары волатильдігі (тұрақсыздығы) және капитал үшін шекарааралық қатаң бәсекелестік аясында өте сенімді көрінеді.
WIMO сарапшылары өз пайымдарын мықты статистикалық базамен негіздейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ЖІӨ-нің өсімі 6,5% деген жоғары көрсеткіште тіркелді. Бұл қарқын қазіргі кезеңде де сақталып отыр: 2026 жылдың алғашқы бес айында экономика 3,7%-ға өсті, оның ішінде нақты сектор 4%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,6%-ға артты. Айта кетерлігі, шикізаттық емес салалар негізгі қозғаушы күшке айналды: құрылыс (+13,4%), өңдеу өнеркәсібі (+9%), көлік-логистика секторы (+8,4%) және бөлшек сауда (+5,6%) жоғары өсім көрсетті.
Сапалы трансформация капитал ағынының құрылымына да әсер етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі 20,5 млрд долларға жетіп, бір жылда 14,4%-ға артты. Бұл ретте негізгі назар Greenfield-жобаларға (нөлден басталатын инвестицияларға) аударылып отыр, олардың көлемі 19 млрд долларды құрады. Бұл Орталық Азия өңіріне бағытталған барлық Greenfield-инвестициялардың шамамен 89%-ына тең. WIMO сарапшылары елде институционалдық бетбұрыс болғанын тұжырымдайды: бүгінде өнеркәсіп, инновациялық қызметтер және әртараптандырылған капитал Қазақстан өсімінің басты қозғаушы күштеріне айналуда.
Фото: informburo.kz

