Бар ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаздың өліміне қатысты іске нүкте қойылды. 58 жастағы әйелін қызының көзінше өлтірген зейнеткер 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкіміне сәйкес 63 жастағы Атырау тұрғыны қылмыстық кодекстің «аса қатігездікпен адам өлтіру» бабымен кінәлі танылды. Сот үкім шығарарда айыпталушының зейнеткер екенін және іс-әрекетін мойындағанын ескерген. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Ал марқұмдардың туыстарына 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс.
Зарема ХАМИДУЛЛИНА, судья
-Ең ауыр жағдай барлығы жас баланың, сіздің 12 жасар кішкентай қызыңыздың көз алдында болды. Сіз сол кезде қызыңыздың диванда анасының қасында ұйықтап жатқанын білесіз. Ол осы жерде жылап тұрып жауап берді. «Папа, не істеп жатырсыз, қойыңыз, тоқтаңыз деп бірнеше рет айтып едім. Алайда әкем сөздеріме құлақ асқан жоқ, көз алдымда анамның ішкі құрылысына пышақпен жарақаттар салды. Сосын мен қорқып, ас бөлмесіне жылап шығып кеттім» деп айтқан болатын. ҚР Жоғары сотының нормативтік қаулысында адам өмірі мен денсаулығына қарсы егерде қылмыс жақын туысының көз алдында жасалатын болса оған рухани жан азабы мен күйзелісті келтіріп жатқаныңызды біле тұра осындай іс-әрекеттік жасау — аса қатігездікпен адам өлтіру болып бағаланады.
Сотта зейнеткердің бұл қылмысты алдын ала ойластырғаны белгілі болды. Өйткені пәтердегі бөлмелерде орналасқан камераларды алдын ала сөндіріп, өзіне қолайлы суық қару алған. Және күдіктінің әйелін орынсыз қызғанып, үнемі қысым көрсеткені белгілі болды. Ал куәлік еткен көршілері марқұмның бойында бір күні күйеуінің қолынан өліп қалатыны туралы қорқышын болғанын айтты. Оны келіншек өз аузымен айтып, тіпті пәтердің бір кілтін де беріп қойған.

